Әрбір оқушының өмірінде ұмытылмас ерекше күн бар – ол аттестат алу күні. Бұл – 11 жылдық білім мен тәрбиенің, ізденіс пен еңбектің, қуаныш пен жетістіктің қорытындысы. Осы бір маңызды сәт – аттестат тапсыру салтанаты – түлектер, ата-аналар мен ұстаздар үшін үлкен мерекеге айналды.
20 маусымда мектебінде 11-сынып түлектеріне аттестат тапсыру салтанаты өтті. Мерекелік безендірілген залда мектеп ұжымы, ата-аналар, ұстаздар мен құрметті қонақтар бас қосты. Көңілді әуен ойнап, толқу мен қуаныш, сағыныш пен үміт сезімдері қатар жүрді.
Мектеп директоры Ганькевич И.М., директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары мен сынып жетекшілері түлектерге жүрекжарды тілектерін арнап, өмір жолында сенімді қадам басуға, қажырлылық пен табандылық, зор табыстар тіледі.
Хлыстова Валения – «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері атанды.
Лисица Сергей – үздік оқуы үшін ерекше үлгідегі аттестат алды.
Сонымен қатар, оқу озаттарына, пәндік олимпиадаларға, байқауларға, спорттық жарыстарға белсенді қатысқан және қоғамдық өмірге атсалысқан түлектерге мақтау қағаздары мен алғыс хаттар табысталды.
Түлектер ұстаздарға арналған алғыс сөздерін айтып, мектеп өміріндегі естеліктерімен бөлісті. Ән шырқалып, бейнероликтер көрсетіліп, жүрек тебірентерлік сәттерге толы шығармашылық бағдарлама ұсынылды. Ең әсерлі сәттердің бірі – мектеп вальсі болды. Бұл қоштасу биі залда отырған әр жанды толқытпай қоймады.
Салтанат соңында естелікке фото түсіріліп, түлектер көкке арман мен үміттің символындай шарлар ұшырды.
Аттестат тапсыру салтанаты – тек мектеппен қоштасу ғана емес, бұл – үлкен өмірге бастар жолдағы алғашқы қадам.
Сәт сапар, ардақты түлектер! Жолдарың ашық, болашақтарың жарқын болсын!